Алматыда байлардың ауласын сыпырушылар жалақысын ала алмай жүр


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Ноя 30, 2022

Қалталымыз деп мақтанып, бірақ коммуналдық төлемге ақы таппайтындардың кесірін бір топ алматылық жұмысшылар да тартып отыр.

 
Оңтүстік астананың ең элиталық ауданында орналасқан «Сұңқар» тұрғынүй кешенінде аула сыпырып, еденін жуғандар жаздан бері жалақы ала алмай жүр.

Төлейтіні болмашы тиын болса да, тұрғын үйге қызмет көрсетуші компания оларды 4 айдан бері сандалтып қойған.

Еткен еңбек пен төккен тердің қайтарымын талап еткен жандар «Сұңқардың» тұрғындарына қызмет қылады. Күзетші, сантехник, вахтер – барлығы да осында. Кешенге қызмет қылатын компания жұрттан ақыны жинап алғанымен, жұмысшыларына келгенде жұмған ауыздарын ашпайды.

"Тұрғындарды қарасақ, олар ай сайын төлеп отыр. Түбіртектері бәрі бар. Ал сол төленіп жатқан ақша қайда кетіп жатыр? Кейбіреулері жаздан бері алмаған. Ал біз қыркүйектен бері алмадық. Сұрасақ, «жоқ, жоқ»-дейді. Ұрсысамыз ылғи. Кейде төбелеске дейін барады", — дейді Роза Ахашева есімді жұмысшы.

Жұмысшылардың осылай жалақыларын даулағандарына міне тура 4 ай болыпты. Барлық жерге шағымданған. Бірақ онысынан еш нәтиже жоқ.

"Алты құзырлы орынға бардық. Бәрінің жіберетін қағазы Еңбек департаментіне барады екен. Ал Еңбек департаменті бізге дұрыс жауап бермей отыр. Яғни, мораторий бойынша тексеруге жатпайды деп айтады",- дейді Балия Садықова.

Жұмысшыларын жарылқай алмай жүрген мекеме басшысы бүгін де ұстатқан жоқ. Ал орынбасары ақшаның әзір болмайтынын ашық айтты.

Айлықтан тарыққан жұмысшылар бүгін тағы да құр алақан қайтты. Басшылықтың құрғақ уәдесіне тойып біткен жұрт енді сотқа да шағымданбақ. Ал, егер одан да еш нәтиже шықпаса, мәжбүрлі шараларға дейін барамыз деп бекінген.

Новости Казахстана


Ноя
11

Комментарии закрыты.