Ақтөбеде 5 адамнан тұратын отбасы жертөледе тұрып жатыр


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Янв 7, 2023

Ақтөбеде бүтін бір отбасы 7 жылдан бері көпқабатты үйдің жертөлесін паналап келе жатыр. Жер астынан баспана тапқан тұрғындарды шенеуніктер 2 жыл бұрын пәтер кезегіне қойған. Алайда ол кезектің әлі күнге жылжитын түрі жоқ.

Үлкендердің өзіне ауыр соғатын тұрмыстық тауқыметті бұл отбасындағы кішкентайлар да тартуға мәжбүр деп, хабарлайды Астана арнасы.

Отбасының кішкентай тұрғыны Олег келер жылы мектеп табалдырығын аттауы тиіс. Қатарынан қалмауы үшін анасы оған әліппені өзі үйретіп, сандармен таныстырады екен. Бірақ Людмила Гузь балабақша дегеннің не екенін білмей өсіп келе жатқан бүлдіршіннің үлгерімі қалай болар екен деп алаңдаулы.

"Балабақшаға барғаны дұрыс деп ойлаймын. Ертең мектепке барғанда қатарынан қалады ғой. Кішкентайым да міне 3-ке толады. Әкімдіктен көмек болса жақсы болар еді", — дейді көпбалалы ана Людмила Гузь.

Тағдырдың тауқыметін тартқан отбасы осымен 7-ші жыл қаһарлы қысты жертөледе қарсы алды. Тұрмысқа қажетті жабдықтарды үйдің тұрғындары берген. Жақын маңдағы тұрғын үй кооперативінде еңбек ететін отағасының тапқан таянғаны ас-судан артылмайды.

"Бір күні бізге де біреулер қол ұшын созар. Бастысы балалардың, өзіміздің деніміз сау болсын. Басымыздан тыныштық кетпесін, — дейді отағасы Василий Беделев.

Бұл отбасын әкімдіктегілер де жақсы біледі. Екі жыл бұрын жатақханадан уақытша баспана ұсындық дейді. Бірақ 12 шаршы метр болатын тар бөлмеден Василий Беделев бас тартқан.

"Маған берілген бөлмені көргенде қатты таңқалдым. Менің ол кезде есейген 2 балам, қалғандары кішкентай болатын. Ол жерде дәретхана да, асүйде ортақ болатын. Бергендері кішкентай бөлме. Қасында бір үлкен бөлме болды. Мен айттым оны да маған беріңдер мен қосып алып, жеке бөлме жасаймын дедім. Жоқ ол бос емес деді. Сосын мен айттым ондай болмайды. Менің тұрғым келмейді, одан да жертөледе тұра бергенім артық дедім", — дейді Василий Беделев.

Жертөледегі жанұяның жағдайына шенеуніктер осыдан екі жыл бұрын құлақ асқан. Құжаттарын жинауға көмек беріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасы есебінде пәтерге де кезекке қойған. Бірақ Беделевтерден бұрын 3 мыңнан астам азамат баспанаға қол жеткізуі тиіс екен.

"Өкінішке орай, кезектен тыс, заңды бұзып, үйді бере алмаймыз мемлекет қорынан. Сондықтан да осы отбасы кезек тәртібімен үйді алады", — деді Ақтөбе қалалық мемлекеттік тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі Жанаргүл Дүйсекенова.

Новости Казахстана


Янв
1

Комментарии закрыты.