Бергей Рысқалиевтің орынбасары несиеге алған пәтерін тәркілемеуді сұрады


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Сен 10, 2022

Атышулы Бергей Рысқалиевтің сыбайластарына қатысты апелляциялық сот басталды деп хабарлайды КТК арнасы.

Өткен жылдың күзінде шартты түрде 2 жылдан 15 жылға дейін абақтыға жабылған 22 сотталушының көпшілігі үкіммен келіспей, жаппай апелляциялық шағым түсірген. Десе де енді «мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылған тоқал ешкінің» кебін киюі де ғажап емес.

Өйткені, прокурорлар да үкімге көңілдері толмай, сотталушылардың жазаларын әлі де ауырлатуды сұрап отыр. Бүгінгі апелляциялық отырыс басталмай жатып, судья 2 рет үзіліс жариялады. Себебі, істі қайта қарауды сұрап шағым түсірген 20 айыпталушының адвокаттары өзара дауласып қалды.

Жалпы бұл жолғы апелляциялық соттың әлі неше күнге созылатыны белгісіз. Естеріңізге сала кетейік, 8 ай тергеліп, 11 ай бойы жүрген сот үкімді өткен жылдың қарашасында шығарған. Оған сәйкес, 22 адамның 15-не бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Ең ұзақ мерзім, яғни 15 жылды Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Болат Дәукенов арқалады. Ал басты айыпталушы Бергей мен оның інісі Аманжан Рысқали және тағы 11 сыбайласы қазір іздеуде. Бұл қылмыстық топ Бергейдің билікте болған 6 жылында қазынаны тонаумен айналысып, мемлекетке 71 миллиард теңге шығын келтірген.

"Дәукеновтің өзі үкім өзгереді деп ойлап отырған жоқ. Біз тек «дүние-мүлкін тәркілеу» дегенге қатысты шағым түсірдік. Сот оның 2 пәтерін тәркіледі. Оның біреуін Дәукенов облыс әкімінің орынбасары болмай тұрған кезде несиеге алған. Және қамқорлығында әйелі мен кәмелетке толмаған балалары бар екендігін де ескерген жоқ. Міне, осы жайттарды ескере отырып, үкімді өзгерту керек деп есептейміз", — дейді  Болат Дәукеновтің адвокаты Юрий Слинченко.

Новости Казахстана


Сен
9

Комментарии закрыты.