Кенесары ханның бас сүйегі Омбыдан табылуы мүмкін


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Авг 9, 2022

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының бас сүйегі Омбыдан табылуы мүмкін.

Сұлтанның бас сүйегі Ресей мұражайларында жасырын түрде сақталып отырғаны жайлы ақпарат болғанымен, оны іздеп табуға қатысты жұмыстар үнемі сәтсіз аяқталып келеді деп жазады abai.kz.

Патшалық Ресейдің жазалаушы отрядтарының қуғындауымен Қырғыз жеріне өтіп кеткен Кенесары ханның ажалы айыр қалпақты манаптардан келгені белгілі. Ел аузында қырғыз манаптары сұлтанды өлтіріп, оның басын орыс патшасына тарту-таралғы ретінде бергені жайлы аңыз бар.

Бұл деректер тарихи дәйектермен дәлелденген де. Алай да, бас сүйектің нақты қандай мұражайда сақталып тұрғандығы немесе жеке адамның қолында жүргендігі жайлы жұмбаққа толы сыр ашылмай-ақ қойған.

Енді қазақтың соңғы ханына қатысты тағы бір тарихи деректің хабары шықты. Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының доқторы, профессор Хангелді Әбжановтың мәлімдеуінше, Кенесарының бас үйегі Ресейдің Омбы облысының мұржайында сақталуы мүмкін.

"Омбыда ең қымбат дүниелерді сақтайтын мемлекеттік қорғау қызметі жұмыс істейді. Кенесары ханның басы сол жерде болуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан, Кенесары ханның басын Батыс Сібірден, Омбыдан іздеу керек деген тағы бір байламға келіп отырмыз",-деді ғалым бүгін Астанада өткен брифингте.

Бұған дейін аталған институттың ғылыми экспедициялары Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларының тарихи жәдігерлер сақталатын мұражайларында іздестіру жұмыстарын жүргізген болатын.

"Дерек бар, бірақ бас сүйек жоқ. Атап айтқанда биыл да, жалпы алдағы уақытта да іздеу жұмыстары аяқталмайды" деді Хангелді Әбжанов.

Новости Казахстана


Авг
8

Комментарии закрыты.