БҚО-дағы Березовка ауылының тұрғындары көшірілмейтін болды


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Мар 10, 2024

Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілмейтін болды. Бұл туралы Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин мәлімдеді деп хабарлайды Астана арнасы.

Ауыл ішіндегі көміртегі мөлшері қалыпты деңгейде екендігін жеткізген ол тексеру жұмыстарының қорытындысын алға тосты. Ведомствоаралық комиссияның қорытындысы бойынша, Березовка тұрғындарының денсаулығы қалыпты.

Дегенмен, балалардың жаппай улануына ненің себеп болғанын комиссия ақыры анықтай алмады. Өйткені ауылдан алынған сынамалар қалыпты деңгейді көрсетіпті. Ал былтыр жыл бойы газды еш рұқсатсыз өз бетімен жаққан ҚПО компаниясының енді 2 млрд 300 млн теңге әкімшілік айыппұл төлейтіні мәлім болды.

"Ауылды көшіру мәселесі, елді мекен экологиялық апат аумағында тұрғанда немесе санитарлық аумақта болған кезде ғана, қолға алынады. Сондықтан Березовканы көшіруге еш негіз жоқ. Біздің бұл іспен айналысқанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. Ал санитарлық зонаның аумағын кеңейту ісі болашақта да қарастырылады", — дейді Энергетика министрінің бірінші орынбасары Ұзақбай Қарабалин.

Ауылдықтар бұл шешіммен келіспейтіндігін білдіріп, ауылды көшіру ісіне қатысты ұран сөздер жазылған қағаздарын көтеріп қарсы шықты. Тұрғындардың сөзінше, белгісіз дертке тап болған балалардың қатары азаяр емес. Күні кеше тағы 12 бала өзін жайсыз сезініп, сұлқ түскен.

Дегенмен, облыс әкімі балаларды қаладағы интернаттарға орналастырып, сырқатқа шалдыққандарын емдеуге көмек беруге дайын екендіктерін жеткізді. Бірақ ауылдықтар бұған да келіспей, табандап тұрып алды.

"Біз енді Қазақстан үкіметі мен ҚПО компаниясын сотқа береміз. Қылмыстық кодекстің экоцид деген арнайы бабы бар, мұнда адамдарды экологиялық қауіпті аймақта қалдыру жауапкершілігі қарастырылады. Өйткені қоршаған ортаға келтірген шығынын жасырып қалмақ болған олар шенеуніктерді сатып алуға да талпынды", — дейді Мағзом Ермекбаев.

Айта кетелік, осыдан екі ай бұрын, Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылындағы мектептің 28 оқушысы есінен айрылып, дәрігер көмегіне жүгінген болатын. Күн өткен сайын әлсіреген балалардың қатары көбейіп, денсаулығы нашарлағандары шипажайға да жөнелтілді. Бірақ емдеу орнында жағдай жоқ екендігін айтқан ата-аналар балаларын шипажайдан кері алып кетуге мәжбүр болған еді.

Новости Казахстана


Мар
3

Комментарии закрыты.