Атырауда депутаттың ұлына қол көтерген жүргізуші жұмыстан қуылды


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Апр 29, 2022

Атырауда депутат автобус жүргізушісінің үстінен шағым түсірді. Көлік жүргізушісі оқушыларға дөрекі сөйлеп, қол көтеріп, қылқындырған.

Бұл туралы Ақ жайық басылымы жазады.

Қалалық мәслихат депутаты Жандарбек Ермұханов  мектеп автобусы жүргізушісінің үстінен әуелі қалалық ішкі істер басқармасына, ал кейін қалалық прокуратураға шағымданады.

Жұмыскер ауылындағы №35 мектеп-гимназиясының оқушыларын Нұрсая ықшамауданына тасымалдаумен айналысқан жүргізуші Ермұхановтың 15 жастағы ұлына қол көтерген.

Оқиға 17 қараша күні орын алған. Сол күні депутаттың ұлы мектептен күндегі уақытынан кешігіп келді. Өңі бозарып кеткен. Не болғанын сұрағанда, автобус жүргізушісінен таяқ жегенін айтыпты.

"Сол  күні ұлым бастауыш және жоғары сынып оқушыларымен бірге бесінші сабақтан шығып, мектептің автобусын 20 минуттай күткен. Күн салқын болыпты.  Ұлымның айтуынша, автобус келген уақытта сыртта тоңып қалған балалар автобусқа қарай жүгірген. 44 жастағы автобус жүргізушісі Марат Бердіқұлов  есік ашпай, кейін өзі секіріп түсіп, балаларға айқайлап, ұрысып, оларды "малсыңдар" деп балағаттаған", — дейді Жандабек Ермұханов. 

Ермұхановтың ұлы: "Ағай, сіз бізге балағат сөз айтпаңыз, одан да уақытында келіңіз" деген соң,  ол ашуға булығып, оқушыға "сопляк қатынсың" деп ұрысыпты. Тіпті, оқушылар мен сынып жетекшісінің көзінше бетінен шапалақпен ұрып жіберген.

Осыдан кейін жүргізуші баланы автобусқа мінгізбейтінін айтып, сол жерде жалғыз өзін тастап кеткен. Далада бір сағаттай тұрып қалған оқушы бала  сол күні түнде қатты қызулап, ауырып қалыпты. 

"Бір апта мектепке барған жоқ, көңіл күйі бұзылып, күйзелісте жүргесін біз оны психологқа көрсетуге мәжбүр болдық. Осындай жағдай тура бір ай бұрын 17 қазан күні де орын алған. Дәл осы жүргізуші ол кезде 7-сынып оқушысын ұрып, қылғындырған", — дейді оқушының әкесі.

Мектеп әкімшілігі ешқандай шара қолданбаған соң, жәбір көрген баланың анасы да Ермұхановпен бірге 18 қараша күні қалалық ішкі істер басқармасына арыз берген.

Алайда, №35 мектеп-гимназиясының директоры Алмабек Абдолов бұл жайында ештеңе білмеймін деп жауап берді. Ол осы жағдайдан соң оқушыларды тасымалдайтын компания басшысына ауызша ескерту ғана жасағанын айтты. Кейін дөрекі жүргізушінің жұмыстан кеткені анықталды.

Новости Казахстана


Апр
4

Комментарии закрыты.