Екі жылдан кейін ескі «Барахолка» түп-тамырымен жойылады


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Мар 16, 2024

«Барахолкада» қызыл сызықта орналасқан 16 базар толықтай сүріліп біткен. Сондай-ақ, басқа 11 базарды бұзу туралы сот шешімі шығып отыр.

Кезінде киім-кешектің саудасын қыздырған «Керемет» базарының орны бірнеше сотық болатын сауда алаңында қазір қарқынды құрылыс жұмыстары жүруде. Жаңа нысанның қаңқасы көтеріліп те қойған.

Ал мұнда жұмыс істеген саудагерлер далада қалған жоқ, көрші базарларға көшірілді. Осы секілді «Рахат» базарының қызыл сызыққа ілініп кеткен 2 қатарының да сүрілу жұмыстары басталды.

Халыққа қолайсыздық тудырмас үшін құрылысшылар алдымен шатырды алып, сауда алаңын босатуға кіріскен. Ал 150 кәсіпкер толықтай жаңа орынға көшірілген.

«Кісілердің бәрі мына жаққа көшіріліп жатыр. Мына жерге сауда үйі салынады. Іші жылы, жақсы болады. Жобасы да жасалып жатыр. Контейнерлерді осы кісілер жұмыс жасау үшін береміз»,- деді «Рахат» базарының әкімшісі Дидар Серікұлы.

Саудагерлер сүру жұмыстарына көндіккен әрі жаңа ғимараттың бой көтеруін асыға күтеді. Бұл ұрлық-қарлықтың азаюына сеп болмақ. «Салынған сауда үйінің өкілдері келіп жалға беру жұмыстарын жарнамалап жатыр. Бағасы едәуір жоғары. Бірақ, іші жылы, бейнебақылау қойылған. Тіпті мына жерде дені дұрыс әжетхана да жоқ. Сауда кешеніне көшсек, ең бастысы қылмыс азаятынына сенімдімін» ,- деді сатушы Анастасия Зейбель.

Қазір құрылысшылар қызыл сызықта орналасқан 16 базарды толықтай сүріп болған. Ал 11 базардың жер аумағын мемлекетке қайтару туралы сот шешімі жаңа күшіне енген. Енді өзге базар басшыларымен келіссөздер жүргізіліп, істері сотқа жөнелтіліпті. «Евразия», «Сәлем», «Батыр» базарларының жұмыстары сотта қаралып жатыр. Бұлардың да шешімі шыққаннан кейін сүру жұмыстары басталады»,- деді Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Аман Әбдіраманов. 

Қазірдің өзінде «Барахолкада» жаңа 10 сауда нысаны бой көтерді. Сондай-ақ, халықтың қауіпсіздігі үшін аспалы жолдар салынуда. Ал, алдағы уақытта қызыл сызықта жоқ базарлар да ескі дүңгіршектерді жойып, су жаңа кешенге ауысуы тиіс.

Алдағы аптада қызыл сызықта орналасқан «Юпитер» және «Жетісу» базарларының сүрілу жұмыстары басталады. Қазірдің өзінде саудагерлерге ескерту жұмыстары жүргізіліп, дүңгіршектер босатылуда. Шенділердің сөзінше, алдағы 2 жылда «Барахолка» адам танымастай өзгермек. Бұрынғы жайма базар толықтай жойылып, орнына заманауи сауда үйлері салынады.

Новости Казахстана


Мар
3

Комментарии закрыты.