Ақтөбеде 12 жылдықтың алғашқы түлектері Білім министрінен жеңілдік сұрады


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Апр 11, 2020

Жарты жолда тоқтап қалған он екі жылдық білім беру жүйесінің алғашқы түлектері биыл мектеп бітіреді. Сынаққа ілігіп қатарластарынан бір жыл артық оқыған олар шенеуніктердің шешімін түсінбей әлек деп хабарлайды КТК арнасы.

Оларға мемлекеттік емтиханды қалай тапсырып, қолдарына қандай аттестат берілетінін әлі ешкім ашып айтпаған. Ең қызығы, аймақтағы білім саласына жауапты басқарма өкілдері де осы мәселеге қатысты тұщымды жауап бере алмай отыр.

Ақтөбедегі №24 мектеп-гимназияның оқушысы Алмат Бердоңғаров Білім және ғылым министрлігінің осыдан 12 жыл бұрын қолға алған сынағына алғашқылардың бірі болып ілікті. Енді қатарластары студент атанғанда, ол әлі партада отыр. Көкейінде бір жылым текке кетті ме деген күдігі басым.

"12 жылдық оқып тұрып 11-дің аттестатын алу сәл ауыр тиеді. Біз босқа оқыған сияқты болып есептелеміз. Жеңілдік болса өте жақсы болып кетер еді. Әрбір сынақтың өзінің нәтижесі болады. Соның нәтижесі біз бола тұра пайдасын көрсек жақсы болар еді", — дейді 12 сынып оқушысы Алмат Бердоңғаров.

Бір Ақтөбе облысының өзінде жүзден астам оқушы он екі жылдық білім беру жүйесі бойынша сынаққа алынған. Олардың 23-і биыл мектеп бітіреді. Қатарластарынан бір жыл артық білім алғандардың алдағы жайын әзірге ешкім ашып айта алмай отыр.

"Енді бұл оқушыларға жалпы орта мектепті бітіргендігі туралы аттестат беріледі. Ол аттестаттың ерекшелігі туралы әрине жоғарғы органдар құзіретінде деп есептейміз. Бірақ кішкене де болса ерекшелігі болады деп үміттеніп отырмыз", — деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Гүлжан Құлыбекова.

Қазір нақты бекітілген ешқандай құжат жоқ. Мұғалімдер Білім және ғылым министрлігіне 12 сынып бітіретін оқушыларға қатысты өз ұсыныстарын жолдапты. Онда жоғары оқу орындарына түскенде жеңілдік жасау жайы баса айтылған екен. Ал ҰБТ-дан 12 сынып оқушыларының сүрінбей өтетініне ұстаздары сенімді. Себебі, арты дауға айналған жүйенің білім сапасына тигізер пайдасы зор деп отыр.

"Тағы да бір жақсы жағы бұның білім сапасы. Біз төменгі сыныптан бастап бақылап келе жатырмыз. Бақыланушы сыныппен салыстырғанда бұлардың білім сапасы жоғары болып келеді", — дейді №24 мектеп-гимназия директорының орынбасары Мағрипа Жантөре.

Мұғалімдерге ұнаған осы он екі жылдық білім беру жүйесінің жақында қайта қолға алынуы екі талай. Білім министрінің өзі қаржылық қиындықты алға тартып жобаның уақытша жабылғанын жариялаған еді. Дегенмен, олар сынақ бойынша 12 сынып бітіретіндердің жайын әлі ойластырып жатқан сияқты. Себебі, білім министрлігіндегілер осы мәселеге қатысты жолдаған сұрауымызды да жауапсыз қалдырып отыр.

Новости Казахстана


Апр
4

Комментарии закрыты.