Қазақстандық тауар өндірушілер өз өнімдерін сата алмай жүр


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Мар 4, 2024

Отандық тауар өндірушілер ірі сауда орындарының сөресіне өз өнімдерін қоя алмай жүр. Фермерлер мен кәсіпкерлер біздегі супермаркеттердің қолжетімсіз екенін айтып шағымдануда деп хабарлайды Астана арнасы.

Ірі сауда орындарында жалдау ақысының қымбаттығы сонша, оны төлеуге қарапайым шаруаның "шашы жетпейді". Ал дүкендер желісінің де тауар өндірушілерге қояр өз талабы бар.

"Қазақстандық өнім сауда желілерінде неге сатылмайды?" деген сұрақтың жауабына үңілсеңіз, толып жатқан кедергіні көресіз. Иә, біз өзіміз өндірген өнімді тұтынушыға жеткізгіміз келеді. Алайда ол өте қиынға түсіп жатады. Қазақстандық өндірушілер туралы жаңсақ пікір қалыптасқан ба, деген ой туады", — деді серіктестік басшысы Серік Ахметов.

Соынмен бірге Ахметов  бізде импорттың күші басым екенін атап өтті.

"Бір ғана мысал, нарыққа кіргіміз келсе де, бізді сауда желісінің көпшілігі қабылдамайды. "Жоқ, одан да Қытайдың тауарын сатқанымыз дұрыс, ол өнім танымал", — деп бізді кеудеден итереді. Оның үстіне сауда желісіне кірудің өзі — қыруар шығын. Кіргенің үшін төлейсің, бонустар, толып жатқан қызметтер тағы бар", — дейді ол.

Көрші Ресейде мұндай мәселелер "Сауда туралы" заңның шеңберінде оңай-ақ шешіледі. Жуырда енгізілген санкциялар да импорт тасымалының реттелуіне оң әсерін тигізіп жатыр. Оның үстіне, Ресей супермаркеттері елдегі тауар өндірушілермен арнайы келісімшарт жасасып отырады.

Ал Қазақстанда отандық тауар өндірушілерге мұндай жағдай жасалмаған. Әзірге тек алғашқы қадам жасалуда. Ол бойынша қазақстандық дүкен желілеріндегі сөрелердің 30 пайызы қазақстандық тауар болсын деген талап енгізу туралы жоспар бар.

Ұлттық кәсіпкерлік палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ішкі өндірушінің мүмкіндігін ескеретін нормалар қабылданады деп сендірді.

"Бұл істің оң шешілеріне сенеміз. Жауапты министрлік, бірінші кезекте, сауда-саттықты дамыту комитеті мұны қадағалауы тиіс. Өкінішке орай, тиісті норма бұған дейін қолданысқа енгізілмеді. Ендігі жерде оның қолға алынуын біз де өз тарапымыздан қадағалаймыз. Өз сөрелерінде қандай өнімді саудалайтынын сауда желілерінің қожайындары өздері шешеді. Кіру үшін төленетін бонусты да өздері белгілеп келді. Бірақ келешекте мұның барлығы реттеледі", — дейді Қазақстан ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов.

Новости Казахстана


Мар
3

Комментарии закрыты.