Жылқы жылы қазақ мемлекеттілігі дау болған жыл атанды


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Сен 7, 2022

2014 жыл Назарбаевтың ел атын өзгерту туралы идеясымен басталып, оның "қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын тойлау" жайлы бастамасымен аяқталды.

Былтыр әсіресе Ресей саясаткерлері тарапынан Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіретін бірнеше мәлімдеме айтылды. Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) келісіміне қол қою қарсаңында, Украина мен Ресей қақтығысы тұсында бұл мәлімдемелерге Қазақстан билігі де, азаматтық белсенділер де жиі назар аударды.

Азаттық Қазақстанға қатысты айтылған, жұрт назарын көп аударған сондай сөздердің он шақтысын шолып шықты.

1. Назарбаевтың ел атын өзгерту жайлы ұсынысы

Қазақстанға байланысты 2014 жылғы оқыс пікірді әуелі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

Ол ақпанның 6-сында Атырау облысының мәдениет және қоғам өкілдерімен кездесуінде: "Еліміздің атауында Орталық Азияның басқа да елдеріндегі сияқты "стан" деген жалғау бар. Шетелдіктер небәрі 2 миллион халқы бар Моңғолияға қызығушылық танытады. Бірақ оның атауында "стан" жалғауы жоқ. Мүмкін, уақыт өте келе ​мемлекет атауын "Қазақ елі" деп өзгерту керек шығар. Бірақ мұны ​алдымен міндетті түрде халықтың талқысына салған жөн" деді.

Президент Назарбаевтың ел атауына қатысты айтқан сөзі әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудырды. Ол идеяны қолдаушылар да, қарсылар да болды.

Бірақ Ресей мен Украина арасында жанжал басталғаннан кейін билік бұл идеяны әрі қарай сөз етпеді.

2. Лимоновтың "Солтүстік Қазақстанды Ресейге қосу" идеясы

Ақпанның 10-ындағы теңге девальвациясынан кейін Ресейдің оппозициялық саясаткері Эдуард Лимонов Facebook-парақшасында Қазақстан жайлы оғаш пікір айтты.

Ол девальвацияның Қазақстанға теріс ықпал етіп отырғанын сөз ете келе, "Назарбаев саясаттан кеткеннен кейін Қазақстанның солтүстік аймақтарын Ресейге қосып алуды" ұсынды.

Ақпанның 20-сында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Лимоновтың ұсынысына орай Мәскеуге қарсылық нотасын жолдайтынын хабарлады.

3. Жириновскийдің "Ресей шекарасын оңтүстікке кеңейту" ниеті

Ақпанның 23-інде Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары, ЛДПР партиясының жетекшісі Владимир Жириновский Орталық Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның да тәуелсіздігіне де күмән келтірді.

Ол "Ресей Украинаны ғана емес, осы мемлекеттердің барлығын уысынан шығармауы керек еді" дей келе, "Ресей шекарасын оңтүстікке қарай кеңейту" жайын да айтты. 

Бұдан кейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Жириновскийдің сөзіне байланысты Мәскеуге нота жібергелі жатқанын хабарлады. Ресейлік саясаткердің сөзіне шамданған қазақстандық интернет қолданушылары Жириновский мен Лимоновқа қарсы қол жинауға кірісті.

Қазақстан парламентінің кей депутаттары Жириновский мен Лимоновтың Қазақстанға кіруіне тыйым салуды ұсынды. Ақпанның 28-інде Астанадағы Ресей елшілігі алдында ресейлік саясаткерлердің мәлімдемелеріне наразылық білдірген белсенділерді полиция ұстады.

4. Хакасиялық шенеуніктің қазақстандық бес облысты даулауы

Сәуірде ақпарат құралдары Ресей құрамындағы Хакасия республикасы жоғары кеңесінің төрағасы Владимир Штыгашевтің Қазақстан аумағы жайлы сөзін жариялады.

Штыгашев Қазақстанның кейбір облыстары бұрын "Ресейдің құрамдас бөлігі болғанын", Ресей Қазақстанға "бес облысын бере салғанын", теориялық тұрғыдан олар "референдум арқылы Ресей құрамына қайтарылуы мүмкін екенін" айтқан.

Сәуірдің 11-інде Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астанадағы Ресей елшісін Штыгашевтің мәлімдемесіне байланысты түсінік беруге шақыртты. Сәуірдің 12-сінде Владимир Штыгашев Қазақстанға қатысты сөзі үшін кешірім сұрады.

5. Лавровтың отандас саясаткерлеріне бола "ұялуы"

Сәуірдің 25-іне ресейлік ақпарат агенттіктері "Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров ресейлік кейбір саясаткерлердің Қазақстанның территориялық тұтастығына қатысты айтқан пікірлері үшін ұялатынын айтты" деп хабарлады.

Мәскеуде ТМД елдерінің жас дипломаттары форумында Қазақстан өкілінің сұрағына жауап берген Лавров: "Біздің заңдарымыз бойынша, Ресейдің ұстанымын тек президент, премьер-министр және сыртқы істер министрі ғана білдіре алады. Басқа саясаткерлер айтқан пікірлерді, тіпті соған жақын сөздерді Ресейдің сыртқы саясатын жүргізетін және оған жауап беретін адамдардан ести алмайсыз" деп мәллімдеді.

6. "ВКонтакте"-дегі Солтүстік Қазақстанды меншіктеген топ

Шілденің 30-ында ресейлік "ВКонтакте" танымал әлеуметтік желісінде "Северный Казахстан – это русская земля" ("Солтүстік Қазақстан – орыс жері") атты топ парақшасы ашылды.

Кейін "жер даулаған" топтың парақшасы "зорлық әрекетке шақырғаны үшін Қазақстанда бұғатталғаны" хабарланды.

7. Жириновский: "Украинаны тындырайық, Қазақстанды әзірше күтеміз"

Тамыздың 27-сінде Ресей мемлекеттік думасы төрағасының орынбасары Владимир Жириновский Қазақстан туралы тағы бір оғаш пікір айтты.

Ол ресейлік "Эхо Москвы" радиосына берген сұхбатында "Ресей патшалығы қазақтарды жоңғарлардан құтқарып, Солтүстік Қазақстанды азат еткенін" мәлімдеді. Оның сөзінше, "Совет Одағы кезінде большевиктердің шекара бөлуде жіберген қателіктерін түзету керек".

Жириновский "Қазақстанға территориялық наразылықты қашан білдіресіздер?" деген сауалға: "Әзірше күтеміз. Украинаны тындырып алайық. Қазақстан – Кеден Одағы мүшесі. Бірақ онда да русофобтық көңіл-күй таратып жатыр. Қазақстандағы жаңа оқулықтарда ылғи орысқа қарсы көңіл-күй бар" деп жауап берді.

8. Путин: "Қазақта Назарбаевқа дейін мемлекет болмаған"

Тамыздың 29-ында Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік "Селигер-2014" жастар форумы кезінде студенттердің Қазақстан жайлы сауалына да жауап берді.

"Ол (Назарбаев) ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған" деді Ресей президенті.

Путиннің қазақ мемлекетінің тарихына қатысты бұл жауабы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы пікірлерімен үндес шықты. Қазақстан президенті тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағында қазақ мемлекеттілігі мен шекарасы "1992 жылға дейін болмағанын" әлденеше рет айтқан.

Ресей президентінің сөзі Қазақстандағы әлеуметтік желілерде қарсылық туғызды. Twitter-дегі "Путинге тарих оқулығын жібер" акциясы басталғанын хабарлаған жазба жүз шақты рет көшіріліп жарияланды.

9. Қазақ депутаттар Путинге емес, Жириновскийге наразы болды

Қыркүйектің 2-сі күні Қазақстан парламенті депутаттары ресейлік саясаткер Жириновскийдің Қазақстан тарихына қатысты 27 тамыздағы пікіріне наразылық білдіріп, оның мәлімдемесіне "саяси баға берілуі қажет" екенін айтты.

Депутаттар Путиннің 29 тамыздағы сөзі жайлы ештеңе демеді. Ал Қазақстандағы оппозициялық саясаткерлер "сөздері бірдей болса да Ресей президенті Владимир Путинді емес, қатардағы саясаткер Владимир Жириновскийді сынаған қазақстандық депутаттардың әрекетіне таң қалмайтынын айтты.

10. Назарбаев: "Қазақ мемлекеттілігі тарихы 1465 жылдан басталады"

Қазанның 22-сінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "2015 жылы қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы атап өтілетінін" мәлімдеді.

Қазақ мемлекеті тарихы Керей мен Жәнібек 1465 жылы құрған хандықтан басталатынын айтқан президент Назарбаев: "Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады" деді.

Новости Казахстана


Сен
9

Комментарии закрыты.