Талдықорғанда тірі адам 18 жыл бойы өлілердің санатында болып келген


Рубрики Новости Казахстна, автор Sergey - Сен 8, 2022

Талдықорғандық Мұрзатай Қыдыркешев осы уақытқа дейін өлілердің тізімінде болып келіпті. 18 жылдан бері марқұм ретінде тіркеліп келген ол, қағаз жүзінде өзінің о дүниелік екенін тек осы жылдың шілде айында білген.

Енді заң жүзінде тірі екенін дәлелдеу үшін кімге, қайда барарын білмей дал.

Мұрзатай Қыдыркешев Талдықорған қаласының байырғы тұрғыны. О заман да бұ заман тірі адамды өлі етіп жазып қойғанды бұрын соңды естімепті. Жайбарақат жүрген ол өзінің 1996 жылы дүниеден озып кеткенін білгенде шалқасынан түсе жаздайды. Кәмелетке толмаған қызын өзге мемлекетке жарысқа аттандыру үшін құжаттарын жинаған сәтте, осы жайсыз жәйттен хабардар болады.

"Қызыма сенім хат жаздым. Ол кезде база, мына паспорттың мәліметтері ашық болған. Қызым визаны ашып, Лондонға ұшып кетті, бәрі дұрыс. Бір он шақты күннен кейін, маған звондайды нотариус, сізде бір проблема болып тұр. Өлі деп тіркеліп тұрсыз дейді. Барсам, 1996 жылы 21 октябрьде өлген екенмін", — дейді ол.

Құжаттарды енді қайта рәсімдеймін деп жүргенде Мұрзатай Боранбекұлының денсаулығы сыр береді. Аурухана оны қолындағы құжатымен қабылдамайды.

Қайтыс болғаны туралы акт жазбасында Қыдыркешев Алматы-Өскемен тас жолында жол апатынан көз жұмды деп көрсетіліпті. Ал тексере келе ол құжаттың нөмірімен жерлеу бюросында мүлде басқа  азамат тіркеліпті.

"Жауапты мекемелер өтінішімді елемей қызмет көрсетуден бас тартты", -дейді. Бір бума құжатын арқалаған жігіт ағасы қағаздарымен әбден әбігерге түскен соң прокуратураға арыз жолдапты.

"Талдықорған қаласының сотына талап, арыз жібердік. Енді ІІД, біздің полиция қызметкерлері шешім қабылданған қылмыстық бас тарту шешімі қабылданған. Қазір соның заңдылығын тексеріп жатырмыз. Келесі жетіде жауап береміз", — дейді Талдықорған қаласының прокуроры Нұржан Тазабеков.

Осылайша құзырлы мекеме өкілі мәселе жақында шешіледі деп уәде берді. Әрі-бері сабылып жүріп сырқаттанып қалған Мұрзатай Қыдыркешев енді материалдық, моральдық шығынды өтеп беруді талап етіп отыр.

Новости Казахстана


Сен
9

Комментарии закрыты.