Сириялық жеткіншек Қазақстаннан уақытша баспана сұрады
Сириялық жеткіншек Қазақстан билігінен уақытша баспана сұрап отыр. Ол соғыстан қашып, әкесіне Шымкентке келген екен деп хабарлайды Таң телеарнасы.
Бұл жасөспірімнің паспортынан басқа құжаттары жоқ. Сондықтан елімізде білім алып, жұмыс та істей алмайды. Сондай-ақ, екі мәрте босқын статусын беруді өтінген сот оның пайдасына оң шешім шығармады.
15-жастағы Саят Алшикхтың арманы – білім алу. Мектепке соңғы рет Сириядағы Рохайбе қаласында барған екен. Қазір ол елінде мектеп жоқ дейді, ал сыныптастарының барлығын өлтірген.
Қазір ол жақта 10 жаста болсаң да алып кете береді. Жасыңа қарамайды.16- дан ассаң алып кетіп, өлтіреді.
"Қазір ол жақта 10 жаста болсаң да алып кете береді. Жасыңа қарамайды.16-дан ассаң алып кетіп, өлтіреді. Мен Сирияға қайтып баратын болсам, қолым мен аяғымды кесіп тастайды. Қазақстанда жүргеніме екі жыл болды, мектепке барғым келген, бірақ маған ешбір құжат бермеді", — дейді Саят.
Саяттың әкесінің Қазақстанға келгеніне бірталай уақыт өткен, ал баласы болса әкесінің артынан соғыстан қашып келген. Екі жыл бойы жеткіншектің отбасы оған уақытша баспана беруді сұрап отыр.
Көші-қон полициясы болса, тұрақты мекенжай құжатын жасасын деп талап етіпті. Алайда оны жасау үшін Саяттың банк шотында 3 миллионға жуық ақша болуы керек. Оның отбасында мұндай қаражат жоқ.
"Тіпті визаны да ұзартпай жатыр. Болмайды дейді. Сотқа да шағымдандық, онда да бас тартты. Сот екі рет болды, бірақ біздің пайдамызға шешім шығармады. Оны 10 күннен кейін елден қуып шығуы мүмкін. Кәмелетке толмаған жасөспірім қалай ата-анасыз басқа елге бара алады?", — дейді Александра Алшикх.
Тіпті визаны да ұзартпай жатыр. Болмайды дейді. Сотқа да шағымдандық, онда да бас тартты. Сот екі рет болды, бірақ біздің пайдамызға шешім шығармады.
Құқық қорғаушылар көші-қон полиция қызметкерлерінің әрекеті босқындардың статусы жайындағы заңға қарама-қайшы, оған сәйкес жұмыс істемей отыр дейді.
"Бұл жерде енді жасөспірімнің жағдайына көңіл бөлінуі керек. Босқындар статусы мәселесі бойынша Женевалық халықаралық шартты 1951 жылы бекіткен. Осы келісімшартқа сәйкес өздері жеке басқа елден келген жасөспірімдер баспана беруге өтініш білдіре алады. Біздің заңда бұл бекітілген, ал соттың оған уақытша баспана беруден бас тартқаны дұрыс шешім емес. Біз оған тұрақты баспана беруге өтініш тастамақпыз", — дейді ОҚО филиалындағы адамдар құқығын қорғау бюросының заңгері Николай Тарара.
Біздің заңда бұл бекітілген, ал соттың оған уақытша баспана беруден бас тартқаны дұрыс шешім емес.
Құқық қорғаушылар екі жылдың ішінде Оңтүстік Қазақстанның көші-қон полициясының сириялық он шақты азаматқа уақытша баспана беруден бас тартқанын атап өтті.
Бұған қоса, осы аталмыш құзырлы орган Украина азаматтарын да жақтырмайтын көрінеді. Украинадан келген екі отбасы да босқын статусын ала алмады.
Не де болса, босқындар енді көші-қон полициясының шешіміне сотта шағымданады.
Новости Казахстана
1